Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдың ортасына дейін төмендетпейді
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың жазына дейін базалық мөлшерлемені төмендетуге негіз жоқ. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.
- Бұған дейін қабылданған базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім мен Үкіметтің коммуналдық қызметтер тарифтерін қайта қарау шаралары базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Дегенмен инфляция тәуекелдері жоғары болып қала береді. Инфляцияның төмендеуіне сенімділік тек ұзақ мерзімді тұрақты баяулауы кезінде ғана мүмкін болады, - деді Т.Сүлейменов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Ұлттық банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұранысқа реакцияны және бағаның өсуін төмендету бойынша Үкіметпен бірлескен шаралардың тиімділігін бағалауды жалғастырады.
- Дегенмен Ұлттық банк қазіргі уақытта 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін көріп отырған жоқ. Бұл ретте инфляцияның жағдайы, базалық инфляция динамикасы және тарифтік әрі салық реформаларының кейінге қалдырылған әсері ескеріліп отырып. Инфляцияның баяулауына тұрақты үрдістің сенімді белгілері болмаған жағдайда, ақша-кредит шарттарын қатаңдату мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды, - деді ҰБ басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтады.