Базалық мөлшерлеме тағы төмендей ме – Сүлейменовтің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция қарқынының баяулауына қатысты пікір білдіріп, бұл жағдайдың қаржы реттеушісінің алдағы ақша-несие саясатына қалай әсер ететінін айтты.

Тимур Сүлейменов
Фото: Ұлттық банк

- Инфляциямен күрес бағытында оң нәтижелер жиналды. Бір кезеңде инфляция шамамен 30 пайызға дейін жетсе, ал қазір ол 10 пайызға жақындады. Дегенмен, біз бұл мәселеге өте сақтықпен қараймыз. Инфляцияны толық жеңдік деп кеуде қағуға, сонымен тоқтап қалуға болмайды, — деді Тимур Сүлейменов Сенаттың жалпы отырысынан кейін.

Сонымен қатар, ол Ұлттық банк ақша-несие саясатын жұмсартуға мүмкіндік беретін алғышарттардың қалыптасып келе жатқанын байқап отырғанын айтты. Осыған байланысты соңғы шешім барысында базалық мөлшерлеме 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендетілді. Осы ретте Тимур Сүлейменов бір уақытта 1 пайыздық тармаққа төмендетуді елеулі қадам деп атады.

— Егер қолайлы жағдайлар қалыптаса берсе, онда біз бұл саясатты жалғастыра беретіндігіміз сөзсіз. Алайда сақ болған жөн. Өйткені әлемде де, еліміздің ішінде де құбылмалы факторлар мен белгісіздіктер әлі де жеткілікті, — деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Айта кетейік, 5 маусымда Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 17,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдаған еді.