Bek Air апатының жәбірленушілеріне өтемақы төлеу мәселесі азаматтық сотта қаралады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты сот үкімі шықты.
Үкімді жариялау кезінде судья іс бойынша жәбірленушілердің азаматтық талап-арызын қанағаттандыру құқығы сақталатынын, алайда оның мөлшеріне қатысты мәселе азаматтық соттың қарауына берілетінін айтты.
Сондықтан Bek Air компаниясының мүлкіне қойылған шектеу, сондай-ақ компания есепшоттарындағы ақшалай қаражат бұл талап-арыздар азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралып, шешім қабылданғанға дейін сақталады.
Еске салайық, сот өмірден өткен ұшқыштар — Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаевты Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Жарыссөз кезеңінде прокурор Айдос Палманов ұшақ апатына әуе кемесін басқарған ұшқыштар кінәлі екенін айтты.
Ал жәбірленуші тараптың адвокаты қаза тапқан ұшқыштарды ақтап, олардың орнына Алматы халықаралық әуежайы мен Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.
Сондай-ақ ұшқыштардың әйелдері тағылған айыпқа наразылық білдірді.
Сот барысында Bek Air әуе компаниясының мүлкіне шектеу қойды.
Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.