Bek Air сотында ұшақ апатының бейнежазбасы көрсетілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты сот жарыссөзі өтті.
Түрксіб аудандық сотындағы айыпталушылар орындығы бос тұр. Себебі іс бойынша айыпталушылар ретінде көрсетілген ұшқыштар — Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаев апат кезінде қаза тапқан.
Сот отырысында ұшқыштардың адвокаты Бейбіт Кендірбаев қорғау тарапының мүддесінде бейнематериалдар ұсынды. Онда апат болған күнгі оқиғалардың барысы егжей-тегжейлі баяндалған. Бейнежазбада екі ұшқыштың да азаматтық авиация саласында мол тәжірибесі болғаны атап өтіледі. Сол күнгі ауа райы қолайлы болған — ауа температурасы минус 13–14 градус, желдің жылдамдығы 1–2 м/с шамасында. Рейс 1996 жылы шығарылған Fokker-100 ұшағымен орындалған.

Ұшақтың техникалық қызмет көрсетуін әуе компаниясының инженерлік-авиациялық қызметі орнатылған стандарттарға сәйкес жүргізген. Ұшуға дейін экипаж қажетті тексерулерден өтіп, ұшақты көзбен қарап шығып, оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалаған. Қосымша қауіпсіздік шарасы ретінде ұшқыштар стабилизаторды қайтадан мұздануға қарсы сұйықтықпен өңдеуді сұраған.

Қорғау тарапы ұсынған нұсқа бойынша ұшу жолағында қозғалысын бастаған ұшақ қажетті биіктікке көтеріле алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, заңсыз салынған екі қабатты тұрғын үймен соқтығысқан.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты қаза тапқан ұшқыштарды ақтап, олардың орнына «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.
Ал ұшқыштардың әйелдері тағылған айыпқа наразылық білдірді.
Бұған дейін сотта Bek Air ұшақ апатының себебін дәлірек анықтау үшін жасанды интеллект сараптамасын пайдалану ұсынылды. Сондай-ақ сот Bek Air әуе компаниясының мүлкіне шектеу қойды.
Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.