БЭК аясындағы нормативтік-құқықтық актілерді жүйелендіру жұмысы 2012 жылы аяқталады - И. Шувалов
МӘСКЕУ, 18 наурыз. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік бойынша нормативтік құжаттарды жүйелейтін бірыңғай құжатты әзірлеу жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталады.
Бұл туралы бүгін Мәскеуде өтіп жатқан ТМД елдерінің «20 жыл бірге: ынтымақтастық тәжірибесі және перспектива» атты халықаралық экономикалық форумында РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов мәлім етті.
Вице-премьердің айтуынша, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті мазмұндайтын нормативтік-құқықтық база 150 келісімнен тұрады. «Аталмыш құжаттардың нормалары кейде қайшы келіп жатады және ол құжаттарды пайдалану қиындау. Минскіде үкімет басшылары деңгейінде өткен Мемлекетаралық кеңесте нормативтік-құқықтық базаны алдымен кодификациялау және жүйеге келтіру қажеттілігі туралы міндет қойылды. Біз бұл жұмысты сәуір айында бастаймыз», - деді ол.
Бұл жұмыстың Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартты рәсімдеумен қатар аяқталуы керек екенін атап көрсеткен Игорь Шувалов, «жұмысты 2012 жылы аяқтап қаламыз деген ойдамыз және қазір Кеден одағы мен БЭК жұмыстарын мазмұндап отырған келісімшарттардың барлығы бұған дейінгі келісімдерді теріске шығармай, оларды жүйелейтін және жаңартатын жаңа құжат ретінде жинақталатын болады», - деді. - Яғни, біз кезінде Еуроодақ жұмыс істеген Рим келісімшарты сияқты Кодекс немесе Көлемді келісімшарт жасаймыз деген ойдамын. Біз Еуроодақта қабылданған барлық үздік құжаттарды өзімізге бейімдеуге, үздік институттарды құруға тырыспақпыз».