«Бекіре – 2024»: 454 келі бекіре, 5 келі қарауылдырық тәркіленді

тәркіленді
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Еліміздің батыстағы үш облысында 1 сәуірден бері «Бекіре – 2024» балық қорғау акциясы өтіп жатыр. Атыраулық полицейлер құқық бұзушылардан 454 келі бекіре, 5 келі қарауылдырық тәркіледі. 

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Бекіре – 2024» балық қорғау акциясы 31 мамырға дейін жалғасады.

«Іс-шараға байланысты заңсыз балық аулаудың жолын кесу үшін жылжымалы мобильдік топтар құрылды. Бұл Еркінқала елді мекені арқылы Каспий теңізіне шыға берісінде, Жайық өзені бойындағы «Пешной» аралында, Еркінқала, Дамбы, Алғабас елді мекеніна қатынайтын айналма жолда автокөлік құралдарының қозғалысына бақылау жүргізуді қолға алды. Осы кезге дейін заңсыз айналымына байланысты 41 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қылмыстық құрамының анықталуына байланысты 17 дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Құқық бұзушылардан 7 қайық, 8 автокөлік, айғақ зат 9 тор құралы алынған. Заңсыз айналымнан 5 тонна 810 келі балық өнімдері тәркіленді. Оның ішінде 454 келі бекіре тұқымдас балық түрлері, бағалы балықтың 5 келіден астам қарауылдырығы бар.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда браконьерлер 313 келі бекірені қамыс арасына жасырғанын хабарлаған едік.

Кейін атыраулық жүргізуші 124,5 келі бекіремен ұсталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, браконьерлерге «қамқоршылық» көрсететін лауазымдылар анықталуы мүмкін екенін хабарладық. 

Соңғы жаңалықтар
telegram