«Бекіре-2024»: Атыраулық жүргізуші 124,5 келі бекіремен ұсталды

бекіре
Фото: Балық шаруашылығы комитеті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда «Бекіре-2024» акциясы аясындағы бірлескен рейд кезінде жеңіл көлік жүргізушісі ұсталды. Көліктен 124,5 келі бекіре тәркіленді.

Балық шаруашылығы комитеті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бірлескен рейд бүгін 5 сәуірде өткізілген.

«Бірлескен рейдке Атырау облысы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының үйлестіруімен шекара қызметі департаментінің, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен облыстық полиция департаменті балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері қатысты. Рейд кезінде Дамбы ауылының маңындағы Пешной түбегі тексерілді. Өйткені Жайық өзенінің сағасындағы бұл түбектен Приморск каналымен Каспий теңізіне шығуға болады», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Таңғы 5:00 шамасында Приморск каналы аймағында шекара қызметінің қызметкерлері ВАЗ маркалы автокөлікті тоқтатқан. 

бекіре
Фото: Балық шаруашылығы комитеті

«Жеңіл көлікті тексеру кезінде жалпы салмағы 124,5 келі бекіре тұқымдас балық табылды. Бағалы балық 5 қапшыққа оралған. Балық қорына алдын ала есепке сәйкес 68 948 100 теңге залал келтірілген», - деп мәлім етті комитеттің баспасөз қызметінен.

Оқиға орнына полицияның жедел-тергеу тобы шақырылып, хаттама толтырылды. Заңсыз балық тасымалдауға қатысты дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы белгілері мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Бағалы балық тәркіленіп, көлік арнайы айып тұрағына қойылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда браконьерлер 313 келі бекірені қамыс арасына жасырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар