«Бекіре – 2026» акциясы аясында Атыраудағы жолдарда 18 мобильді бекет жұмыс істейді

АТЫРАУ. KAZINFORM – 1 сәуірден бастап Атырау, Маңғыстау және БҚО-да «Бекіре – 2026» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталады.

Полиция бекеті
Фото: Нұрбибі Теміртасова

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, бұл шара тек бақылаумен шектелмейді.

– Бұл акция тек бақылау шарасы ғана емес, табиғи ресурстарды сақтау және уылдырық шашу кезеңінде балықтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бірлескен жұмыс бекіре және балықтың басқа түрлерін сақтауда оң нәтиже береді. Акцияны өткізу кезінде негізінен Жайық-Каспий бассейніне кіретін су айдындарында жұмысты күшейту керек, – деді ол.

Батыс өңіріндегі 3 облыстың аумағында акцияға қатысатын тараптардың 1143 қызметкері жұмылдырылады. 91 қайық, 226 автокөлік, 6 дрон қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда тікұшақ пайдаланылады.

Сонымен қатар комитет төрағасы балық өнімдерінің заңдылығын бақылау мақсатында «e-Fish» ақпараттық жүйесі енгізілгенін атап өтті. Аталған платформа балықты аулаудан бастап, соңғы тұтынушыға дейінгі барлық кезеңді цифрлық түрде қадағалауға мүмкіндік береді.

Атырау облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Аманжол Жұмалиевтің мәліметінше, акция барысында құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істейді.

– Облыс бойынша 300-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылып, Жайық өзені мен Каспий теңізі аумағында бірлескен рейдтер жүргізіледі. Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда 18 мобильді бекет жұмыс істейді. Жайық өзенінің жағалауында бейнебақылау камералары арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіледі, – деді ол.

Бұдан бөлек, шекара қызметі Каспий теңізінің акваториясы мен шекаралық аймақтарда заңсыз балық аулау мен тасымалдаудың жолын кесу бағытында жұмыстар жүргізеді.

Айта кетейік, өткен жылы аталған акция аясында жалпы 1125 құқықбұзушылық анықталып, 867 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 21 млн теңге айыппұл салынды. 33 қылмыстық іс қозғалып, заңсыз айналымнан 4,5 тонна балық, оның ішінде 1,3 тонна бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Олардың қатарында 2 келі бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы, 863 құрал және 44 техника бар. Қозғалған қылмыстық істер бойынша балық ресурс қорына келтірілген залал 784 млн теңгені құраған.

Осыған дейін Түркістан облысында браконьерлерден 130 келіге жуық балық тәркіленгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар