Бектенов ақпараттық жүйелерді Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығына көшіруді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ақпараттық жүйелерді мемлекеттік Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығына көшіруді тапсырды
- Ақпараттық жүйелердің сенімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейді. Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1-жартыжылдықтың соңына дейін ақпараттық жүйелерді жаңа деректерді өңдеу орталығына көшіруді аяқтауы қажет. Бұл біздің азаматтарымыздың деректерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы сұхбатта атап көрсеткен тәсілдерді ескере отырып, экономиканың жаңа технологиялық моделіне көшу тұрақты және сенімді энергетикалық базаның болуымен тікелей байланысты екенін түсіну қажет, - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, жоғары өнімді есептеулер, деректерді өңдеу орталықтары, автоматтандырылған және роботтандырылған өндірістердің дамуы объективті түрде энергияны тұтыну көлемінің еселеп өсуімен қатар жүреді. Ол үшін генерация мен желілік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажет.
- Энергетика министрлігіне Жасанды интеллект, Ұлттық экономика және Өнеркәсіп министрліктерімен бірге цифрлық инфрақұрылым мен өнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыруды ескере отырып, электр энергиясының өндірісі мен тұтынудың ұзақ мерзімді балансын жаңартуды қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған еді.