Бектенов цифрландыру турасында: бірінші басшылар түпкілікті нәтижелерге тікелей жауапты
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік органдардың цифрлық және жасанды интеллект жобалары шашыраңқы болмауы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
- «Digital Qazaqstan» стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жүйесімен нақты байланысты болуға тиіс. Жасанды интеллект министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін стратегияның нысаналы индикаторларын мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлық даму жоспарларына жіктеп енгізсін. Стратегияны жүзеге асыру іске қосылған жобалардың саны бойынша емес, белгіленген көрсеткіштердің нақты орындалуына қарай бағалануы қажет, - деді О.Бектенов.
Сонымен қатар ол мемлекеттік органдардың цифрлық және жасанды интеллект жобалары шашыраңқы болмауы керек екенін атап өтті.
- Жасанды интеллект министрлігі екі ай ішінде іске асырылып жатқан және жоспарланған цифрлық жобаларды қайта қарап, бірін-бірі қайталайтын шешімдерді анықтасын және оларды бірыңғай архитектура мен ортақ мемлекеттік платформаларға шоғырландыруды қамтамасыз етсін. Бұл ресурстарды шын мәнінде маңызды жобаларға бағыттауға және бірдей функционалды бірнеше рет қаржыландырмауға мүмкіндік береді, - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, стратегияны жүзеге асыру үшін айтарлықтай қаржылық және технологиялық ресурстар қажет. Бұл ретте олардың көптеген шашыраңқы бастамаларға тиімсіз бөлінуіне жол бермеу керек.
- Жасанды интеллект министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін цифрлық жобаларға басымдық берсін. Стратегияның көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей ықпал ететін шешімдерді бірінші кезекте қаржыландыру қажет. Цифрландыруға қатысты барлық жаңа бюджеттік өтінімдер Digital Qazaqstan архитектурасы мен басымдықтарына сәйкестігі, сондай-ақ күтілетін экономикалық әсері тұрғысынан ескеріле отырып қаралуға тиіс. Жалпы алғанда, стратегияның әрбір бағыты бойынша нақты жобалар, көрсеткіштер, мерзімдер және жауапты орындаушылар бекітілген. Бірінші басшылар түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін тікелей жауап береді, - деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Үкімет басшысы ірі қалалардағы көлік кептелісі мәселесін шешуді тапсырды.