Премьер-министр ірі қалалардағы көлік кептелісі мәселесін шешуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп ірі қалалардағы көлік ең көп жүретін учаскелерде қозғалыс легін интеллектуалды басқаруды пилоттық режимде іске қосуы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті.

Бектенов
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Урбанизация үдерісінің қарқын алуына байланысты көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артып келеді. Көлік министрлігі ұлттық ауқымдағы бірыңғай цифрлық көлік жүйесін қалыптастыруы қажет. Ол көлік активтерін толық есепке алып, қозғалысты нақты уақыт режимінде басқаруға, жүктемені болжауға және ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді, - деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, ірі қалаларда көлік кептелістері кезінде ғана әрекет етпей, саланы жүйелі басқаруға көшу қажет. Бұл азаматтардың жүріп-тұруына, қалалық ортаның қауіпсіздігі мен сапасына тікелей әсерін тигізеді.

- Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, екі ай мерзімде ірі қалалардағы көлік ең көп жүретін учаскелерді анықтап, онда қозғалыс легін интеллектуалды басқаруды пилоттық режимде іске қоссын. Нәтижесі бойынша ең тиімді шешімдерді кеңінен тарату қажет. «Қазақстан темір жолы» компаниясы бір ай мерзімде тасымалдау туралы деректерді бірыңғай деректер қоймасына беруді аяқтасын. Көлік министрлігімен бірге компанияны цифрландыруды кезең-кезеңімен дамыту жоспарын бекітіп, тасымалдарды басқарудың отандық технологияларына міндетті түрде көшу қажет, - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, 2029 жылға қарай IT-экспортты кемінде 2 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған.