Беларус, Қазақстан және Ресей 2010 жылдың бірінші жартысында барлық мәселелерді шешіп, Біртұтас Кеден кеңістігіне шығатын болып келісті - А. Лукашенко
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жаңа ғана Беларустың, Қазақстанның және Ресейдің Кеден одағының жоғарғы органымен Кеден одағының даму перспективасын айқындайтын бірқатар принципті және стратегиялық шешімдер қарастырылып, мақұлданды. Күрделі, алайда мазмұнды келіссөздердің барысында біз ымыралы және теңгермелі уағдаластықтарға шықтық. Оның жүзеге асуы Біртұтас экономикалық кеңістіктің элементтерімен терең экономикалық ықпалдастықтың тетіктерін іске қосуға қабілетті. Біз алдағы жылдың бірінші жартысында барлық мәселелерді шешіп, Біртұтас кеден кеңістігіне шығатын болып келістік", деді шағын құрамдағы мәжілісте А. Лукашенко.
Сонымен қатар, Беларус басшысының айтуынша, Беларус, Қазақстан және Ресей басшылары желтоқсанның 18-де Алматыда кездесіп, Біртұтас экономикалық кеңістік құру мәселесін шешетін және біртұтас экономикалық кеңістік құрудың мерзімін анықтайтын болып келіскен. "Біз 2010 жылғы шілденің 1-нен бастап үш мемлекет бірге Біртұтас кеден аумағына шығатын болып келістік. Егер бұл тетіктер іс жүзінде өзінің нақты тиімділігін, өмірге қабілеттілігін көрсететін болса, онда мұндай Кеден одағына ЕурАзЭҚ-тағы біздің басқа да әріптестеріміз ұмтылатын болады", деді А. Лукашенко.
Айта кетейік, қазір Минскіде Мемлекет басшыларының деңгейінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің шағын құрамдағы мәжілісі өтуде. Оған ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің Мемлекет басшылары, атап айтқанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, Беларус Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиев, Тәжікстан Президенті Эмомоли Рахмон қатысуда. Сонымен қатар, мәжіліске ЕурАзЭҚ-та бақылаушы мәртебесі бар Армения Президенті Серж Саркосян және ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы Тайыр Мансұров қатысып отыр.
Беларус басшысының сөзіне қарағанда, "ЕурАзЭҚ өзі жұмыс істей бастаған уақыттан бері экономикалық тұрақтылық процесіне және біздердің елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға маңызды үлес қосты. Бұл қаржылық-экономикалық дағдарыс жағдайында жақсы әсер берді. Алайда, одан әрі жылжу керек. Өзара іс-әрекеттің қол жеткізілген деңгейі қазіргі кезеңде біз тап болып отырған проблемалардың барлығын шешуге қабілетті емес. Сондықтан да қазіргі таңда барынша ілгері жылжығыш ықпалдастық білімін құру туралы жұмыс айтарлықтай белсендірілді.