Беларусь мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан тәжірибесін зерделеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Беларусь Республикасы президенті жанындағы Академияда Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Бәйменов Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау туралы дәріс оқыды. Бұл туралы аталған комитеттен хабарланды.
None
None

Ә. Бәйменов Қазақстан мемлекеттік қызмет саласында өткен реформалардың басты кезеңдеріне тоқтала отырып, «Ұлт жоспары 100 нақты қадам» аясында осы салада жүзеге асып жатқан шаралармен таныстырды. Ол мемлекеттің дамуына серпін беретін, оның ішінде мемлекеттік қызметте лайықты мамандардың іріктелуіне, олардың меритократия қағидатына сай ілгерілеуіне жол ашатын басқарушылық шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік басқару саласындағы менеджмент және әкімшілік рәсімдер мәселелері қаралды.

Академия тыңдаушылары Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу механизмдері, мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қолдану, сыбайлас жемқорлық әрекеттердің алдын алу бойынша, уәкіл институтын енгізу бойынша бастамаларына қызығушылық танытты.

Беларусь Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған сапар барысында Әлихан Бәйменов БҰҰ ДБ Тұрақты өкілі Санака Самарасинхамен кездесті.

Сонымен бірге Беларусь Республикасының бірқатар мемлекеттік орындарының жетекшілерімен кездесу өткізіліп, олар Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесіне айрықша қызығушылық танытып, мемлекеттің осы саладағы табысы мен Өңірлік хабтың білім мен тәжірибе алмасудың халықаралық тұғырнамасы ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтті.

Қазіргі таңда Астаналық хабқа Еуропадағы экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, ТМД, Орталық Азия және ASEAN мемлекеттерін қамтитын 32 қатысушы мемлекет пен 5 халықаралық ұйым кіреді. Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб аймақтағы елдер мемлекеттік қызмет бойынша үздіксіз тәжірибе мен білім алмасуы үшін институционалды негіз ретінде құрылған.
null

Соңғы жаңалықтар