16:10, 25 Мамыр 2013 | GMT +5
Беларусь МЭУ ректоры: Қазақстаннан оқуға түсуді қалайтын талапкерлер орыс тілінде әңгімелесуден ғана өтеді
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның Беларусьтағы Елшісі Ерғали Бөлегенов Беларусь мемлекеттік экономикалық университетіне атбасын бұрып, оның ректоры Владимир Шимовпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы Қазақстан-беларусь ынтымақтастығы төңірегінде пікір алмасып, бұл бағытта екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге әрі кеңейтуге ниет танытты.
Қазақстандық дипломат жоғару оқу орнының ректорына екі ел қарым-қатынасының бүгінгі ахуалы мен болашағы жайлы баяндап, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың маңызды сыртқы саяси бастамаларына ерекше тоқталды.
БМЭУ ректоры өз сөзінде Қазақстанның ілгері дамуын жіті бақылайтынын және қазақстандық стратегиялық құжаттарды зерделеуге ерекше мән беретінін атап өтті. Ректор Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауына жоғары баға берді.