Беларус Премьері Қазақстанға сапармен келмек
АНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат - Беларус Премьер-Министрі Сергей Сидорский қазан айының соңында - қараша айының басында Қазақстанға сапар жасауды жоспарлауда. Бұл туралы ол бүгін Қазақстанның вице-премьері Серік Ахметовпен болған кездесуде айтты,
деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі.
С.Сидорский, Қазақстан Премьер-Министрінің жақында Беларус еліне жасаған сапары барысында тараптардың «Қазақстан экономикасының индустрияландыру бағдарламасына Беларус Республикасының үйлесімді атсалыса алатыны» туралы келіскенін атап көрсетті. Беларус тарабы қазақстандық өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысу мүмкіндіктерін ұсынып отыр.
«Қазір біздің мамандар, үкімет мүшелері Қазақстанның индустрияландыру картасын жасауда. Жақын арада құжат дайын болады. Беларус тарабы экономиканың түрлі салаларында, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, ауыр машиналар жасау, тоңазытқыш және т.б. зауыттар құру салаларында бірлескен өндірістер құруды қарастырған ұсыныстарын Қазақстанға таныстырды. Осының барлығы Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасына үйлесіп отыр. Құжаттар дайын болғаннан кейін, Беларус премьері Қазақстанға жұмыс сапарымен баруды жоспарлап отыр. «Сапар жақын арада, менің ойымша, қазан айының соңы мен қараша айының басында өтеді», - деді Беларус премьері өз сөзінде.
Ол сондай-ақ, «Қазақстан Президентінің Беларус Республикасына сапары қарастырылуда. Алдағы ынтымақтастықтың мазмұнын толымды ету үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді С.Сидорский.