Белдікпен ұрған: Семей әскери лицейіндегі оқиғаға түсініктеме берілді
Әлеуметтік желіде тараған видеодан әскери форма киген адамның жасөспірімді белдікпен соғып, былапыт сөздер айтып жатқанын көруге болады.
«3 ақпанда әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде 111 взвод ұланының 91 взвод ұланын соққының астына алғаны түсірілген видео қолымызға түсті. Сонымен қатар офицердің 71 взвод ұланын белдікпен ұрғанын анықтадық. Аталған жағдай 2022 жылдың қазан айында болған», – деп түсіндірді Абай облыстық Білім басқармасынан.
Қызметтік тексеру барысында аталған фактілер расталып, кінәлілер жауапқа тартылған.
«111 взводтың тәрбиеленушісі 2023 жылдың 6 ақпанында оқудан босатылды. Офицер осы жылдың 8 ақпанында жұмыстан шығарылды. Ұландықтардың арасындағы кикілжің «Жас Ұлан» лицейі мен облыстық Білім басқармасы басшылығының тікелей бақылауында», – делінген басқарма таратқан мәліметте.