Белгілі меценат Тәуелсіздік тойына тосын сый жасады
Басты айта кететін жайт - арнайы сериямен шыққан фотоальбом Елбасы Н.Ә.Назарбаев кітапханасына табыс етілді. Президент Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков Оралбек Қожамжарұлына арнайы хат жолдап, аталған жинақтың Елбасыға таныстырылғанын және бұл еңбекті Елбасының ескергенін жеткізді. Бұл жинақтың тұсаукесеріне, қоғам және мемлекет қайраткерлері Өмірбек Байгелді, ф.ғ.д., профессор Мырзатай Жолдасбеков және белгілі тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы арнайы келіп қатысты.
Алғашқы сөз сөйлеген Өмірбек Байгелді Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен жиналғандарды түгел құттықтап, ақ жарма тілегін ақтарды. Өзінің өткен өміріне шолу жасап, бүгін мен кешегіні салыстырған Ө.Байгелді елге шарапаты тиіп, ауылдық жерлерге мектептер салып, халықтың асыл мұрасы айтысқа демеушілік танытып жүрген кәсіпкерден үлгі алуға шақырып, Тәуелсіздік күніне арнап отырған мұндай шаралардың артық болмайтынын айта кетті.
Атап айтқанда, келелі отырыс барысында, келген қонақтарға сый-сияпат жасалып, қазақы дәстүрмен шапан жабылды. О.Ботбай Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған арнайы мерекелік медальмен марапатталды. Мұндай марапаттан Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі де аянып қалған жоқ. Облыс басшысы Ж.Түймебаевтың белгілі меценатқа арнайы жолдаған Алғыс хаты табыс етілді.
Айта кетейік, Ұлы Отан, ауған соғыс ардагерлерін О.Ботбай 2004 жылдан бастап, сонымен қатар Ақтас, Борлысай, Кеңсай жалпы орта мектептерінің дарынды оқушыларын жыл сайын Қытай, Түркия елдеріне, Астана қаласына өз қаражатымен қыдыртып, жол шығындарын көтеріп келеді. Тағы бір айта кететін жайт, кәсіпкер өз туған ауданына үш мектепке қаржылай көмек беріп тұрады. Тарих жәдігері Қошқар Ата кесенесін қалпына келтіріп, 200 үйлі ауылға 300 адамдық мешіт құрылысын тұрғызды. Тағы бір қызық дерек, бұл ауылда қазіргі кезде 180 Батыр Ана бар. Өмірге 24 бала әкеліп, соның барлығын құтты орнына қондырған «Алтын алқа» иегері де осы ауылдан.