Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бельгия 2027 жылдан бастап транзитпен өтетін жүргізушілерге жол ақысын енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM  – Бельгияның үш өңірі 2027 жылдан бастап ел аумағы арқылы транзитпен өтетін шетелдік жүргізушілерді қоса алғанда, барлық автокөлік иелеріне арналған жаңа жол алымын енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Еuronews.

Бельгия 2027 жылдан бастап транзитпен өтетін жүргізушілерге жол ақысын енгізеді
Фото: Абай облысы ПД

Қазіргі уақытта Бельгияда автомагистральдарды пайдалану үшін ақы алынбайды. Алайда мұндай төлем енгізу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

Валлония өңірінің көлік министрі Франсуа Дескеннің айтуынша, ел жолдарын пайдаланатын әрбір азамат оларды күтіп ұстауға әділ үлес қосуы тиіс.

Жаңа ережеге сәйкес, 2027 жылғы 1 мамырдан бастап жүргізушілер көліктерін тіркеп, жол алымын төлеуге міндетті болады. Ел аумағы арқылы транзитпен өтетіндер үшін бір күндік рұқсатнама қарастырылған.

Шығарындылары нөлдік деңгейдегі автокөліктер үшін жылдық жол ақысы 90 еуро, ал қоршаған ортаны көбірек ластайтын көліктер үшін 125 еуроға дейін белгіленеді.

Жол камералары ақылы рұқсатнамасыз жүрген көліктерді анықтаған жағдайда жүргізушілерге 70 еуро көлемінде айыппұл салынады.

Бельгияда жолдар мен автомагистральдарды күтіп ұстауға өңірлік билік жауап береді. Жиналған қаражат жол инфрақұрылымын пайдалану мен жөндеуге жұмсалады.

Жаңа жол алымы күшіне енуі үшін бастама өңірлік билік пен Еуропалық органдардың түпкілікті мақұлдауынан өтуі қажет.

Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа алымның енгізілуі бельгиялықтар үшін басқа салықтарды төмендету арқылы өтелмек.

Айта кетелік Қазақстан үшін Бельгия несімен маңызды екенін жазған едік.