Бельгия тарихындағы ең ірі орман өрті мыңдаған гектарды шарпыды
АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияда Жоғары Фенн (Hohes Venn) табиғи қорығында болған ауқымды орман өртімен күрес жалғасып жатыр. Өрт салдарынан жүздеген тұрғын үйін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі DW-ге сілтеме жасап.
Бельгиямен шекараға жақын орналасқан Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Моншау қаласында Бельгияның Жоғары Фенн табиғи қорығындағы ауқымды орман өрті одан әрі таралып, жағдайдың нашарлау қаупі бар. Өрт ошағы Германия шекарасынан шамамен 3 шақырым жерде орналасқанын қала әкімшілігі 16 тамыз, жексенбіге қараған түні хабарлады. Үш ауданның тұрғындарына «айтарлықтай» түтін шығу қаупіне байланысты бұл аумақтардан кетуге «қатаң түрде» ескерту жасалды.
Өрттің одан әрі өршуіне байланысты түтіннің қоюланып, ауаға күлдің таралу қаупі бар. Осыған байланысты Мессевегтің батысында орналасқан Платтевенн, Лейлох және Кальтерхерберг аудандарының тұрғындарына денсаулығына төнетін қауіпке байланысты таңертеңге дейін бұл аумақтарды тастап, туыстарының немесе достарының үйіне баруға кеңес берілді. Эвакуацияланған тұрғындарды уақытша орналастыру үшін арнайы пункт те ашылады.
Моншау өрт сөндіру қызметі толық дайындық режиміне көшті. Қала әкімшілігінің мәліметінше, өрт Германия аумағына өткен жағдайда оны дереу сөндіруге кірісу үшін алдын ала өрт сөндіру шаралары әзірленіп жатыр.
Бельгия жағындағы эвакуация
Бельгия билігі Кальтерхербергтің дәл батысында орналасқан Кюхельшайд елді мекенін эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Германия шекарасына жақын Жоғары Фенн аумағындағы орман өрті Бельгия тарихындағы ең алапат өртке айналды. Өрт 14 тамыз, жұма күні түстен кейін басталып, содан бері тез таралған. Биліктің мәліметінше, жалын қазірдің өзінде 3 мың гектардан астам аумақты күлге айналдырған.
Бельгияның Belga ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сурброд пен Бютгенбах елді мекендерінің шамамен 600 тұрғынына эвакуация туралы ескерту жасалған.
Бельгия ЕО-дан көмек сұрады
Бельгия орман өртімен күреске Еуропалық Одақтан көмек тарту үшін азаматтық қорғаудың еуропалық тетігін іске қосты. Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстарына Нидерландтан келген өрт сөндіру тікұшағы қатысып жатыр. Жексенбі күнінен бастап өрт сөндіруге тағы екі тікұшақ пен Швецияның екі өрт сөндіру ұшағы қосылады деп жоспарланып отыр.
Ал Германияның Эйфель аймағындағы Хюртгенвальдта ахуал жақсарған. Елді мекендердің бірінен тұрғындар эвакуацияланған еді. Қазір шамамен 1 800 адам үйіне оралды.
Германияда осы жаздағы ең ірі өрт
Бұл — жаз басталғалы бері Германиядағы ең ірі әрі салдары ең ауыр орман өрті. Солтүстік Рейн-Вестфалия ішкі істер министрі Херберт Ройль (Herbert Reul) өрттің шығуына адам қателігі себеп болуы мүмкін екенін айтты.
Кельннің оңтүстік-батысында орналасқан Дюрен маңындағы Хюртгенвальдта орман өрті 13 тамызда басталды. Алғашында екпінді желдің әсерінен өрт тез таралды. 15 тамызға қараған түні өрттің таралуын тоқтатуға мүмкіндік туды.
Германияның барлық аумағында аптап ыстық пен құрғақ ауа райына байланысты бірнеше күннен бері көптеген орман және дала өрттерімен күрес жүріп жатыр. Қазір елдің басым бөлігінде ауа температурасы 30 градустан жоғары.
Еске салайық, бұған дейін Францияда шілде айының басынан бері ел аумағында болған орман өрттеріне қатысы бар деген күдікпен 474 адам ұсталғанын жазғанбыз. Олардың 183-і кәмелетке толмаған.