Бельгияда тарихтағы ең ыстық жаз тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Бельгияның Корольдік метеорологиялық институты (RMI) елде метеорологиялық бақылау тарихындағы ең ыстық жаз тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.
RMI мәліметінше, 16 маусымға дейін ауа температурасы маусымдық нормадан төмен болған. Алайда осы күннен кейін температура күрт көтерілген.
Елде метеорологиялық бақылау жүргізіле бастаған 1833 жылдан бері алғаш рет жаздағы орташа температура Цельсий бойынша 20 градустан асты. Бұған дейінгі ең ыстық жаз 2018 жылы тіркеліп, орташа температура 19,9 градус болған.
Биыл жазда Бельгияда үш рет аптап ыстық болды. Оның ішінде 17-28 маусым аралығындағы алғашқы ыстық толқыны «ең ұзақ әрі қарқынды» болған.
Айта кетейік, бұған дейін аптап ыстық Еуропаның балық шаруашылығына миллиондаған доллар шығын келтіргенін жаздық.
Ал Дүниежүзілік мұхит температурасы бақылау тарихындағы рекордты жаңартты.
Сондай-ақ қазіргі Эль-Ниньо тарихтағы ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін.