Белгілі блогер Әлішер Елікбаев кірістер комитетімен соттасып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогер Әлішер Елікбаевтың табыс салығын төлеуге қатысты сотта жеңіп шықтым деген үндеуіне жауап берді.

— Әлеуметтік желіде блогер Әлішер Елікбаевтың мемлекеттік кірістер органдарын сотта жеңіп шыққаны жөнінде ақпарат таратылып жатыр, бұл жалған. Сот оның талабын мәні бойынша қараған жоқ және мемлекеттік кірістер органдарының әрекетін заңсыз деп таныған жоқ, — делінген хабарламада.
Ресми ақпаратта айтылғандай, 2025 жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша, мемлекеттік кірістер органдарының әрекетін заңсыз деп тану туралы сот шешімі шыққан жоқ.
— Мемлекеттік кірістер органдарының әрекетін заңсыз деп тану жөнінде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — дейді Кірістер комитетінен.
Осы орайда құзырлы орган БАҚ өкілдерінен тексерілмеген деректі жарияламауды сұрап отыр.
Бірер күн бұрын кіріс декларациясын тапсырмаған жеті блогерге қатысты іс сотта қаралып жатқаны туралы хабарлаған едік.
Осы орайда Қаржы министрі барлық блогерді бизнес жүргізу барысында мұқият болуға шақырып отыр.