Белоруссиялық теннисші екінші жыл қатарынан АҚШ чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко АҚШ ашық чемпионатында топ жарды.

Белоруссиялық теннисші финалда әлемнің 9-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимованы қапы қалдырды – 6:3, 7:6 (7:3).
Осылайша, А.Соболенко АҚШ біріншілігінде екінші жыл қатарынан үздік шықты. Өткен жылы ол тағы бір америкалық Джессика Пегуланы 7:5, 7:5 есебімен ұтқан болатын.
Бұл – белоруссиялық спортшының «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі төртінші титулы. Ол 2023 жылы Аустралия ашық чемпионатында соңғы бәсекеде қазақстандық Елена Рыбакинаны жеңген еді.
А.Соболенко биылғы АҚШ чемпионатында 5 млн долларға қол жеткізіп, тапқан табыстары жөнінен теннис тарихында үздік үштікке енді. Оның табысы 42,2 млн АҚШ долларына жетті.
Алда апалы-сіңлілі Серена және Винус Уильямстер ғана тұр.
АҚШ додасында қазақстандықтар Елена Рыбакина мен Александр Бублик спорттық жолдарында алғаш рет төртінші айналымға дейін жетті.
Сенсация жасап, Е.Рыбакинаны ұтып кеткен чехиялық Маркета Вондроушова ширек финалда жарақатына байланысты А.Соболенкомен матчқа шықпай қалды.
Жасөспірімдер арасында 17 жастағы Заңғар Нұрланұлының қазақстандықтар арасынан тұңғыш рет жартылай финалға шыққанын атап өтуге болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының қазақстандықтар арасынан алғаш рет жартылай финалға шыққанын жазған едік.