Берлин 2036 жылғы Олимпиаданы өткізуге үміткер болудан бас тартпақ
АСТАНА. KAZINFORM – Берлин билігі 2036 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге Германия атынан үміткер болу үшін берген өтінімін кері қайтарып алмақ, деп хабарлайды DW.
Берлиннің Олимпиада мәселелері жөніндегі уәкілі Каве Нируманд, қала бургомистрі Кай Вегнер және спорт істері жөніндегі сенатор Ирис Шпрангер өтінімді кері қайтарып алу туралы шешім қабылдаған.
Осыдан кейін Германия атынан Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге үміткер мәртебесі үшін Мюнхен мен Кельн/Рейн-Рур өңірі ғана таласады.
Берлин Олимпиадаға «Berlin+» тұжырымдамасымен Бранденбург, Мекленбург-Алдыңғы Померания және Саксониямен бірге өтінім берген еді.
– Германияның Олимпиадалық спорт одағының бағалау комиссиясы Мюнхен мен Кельн/Рейн-Рур жобаларына Берлиннің тұжырымдамасына қарағанда жоғары баға берген. Сонымен қатар Берлинде Олимпиада өткізу туралы өтінім бойынша референдум болған жоқ, – делінген мәліметте.
Германия атынан Олимпиадаға қай қала немесе өңір үміткер болатыны 26 қыркүйекте Баден-Баденде анықталады. Дауыс беруге 42 олимпиадалық спорт федерациясы, сондай-ақ Германияның Олимпиадалық спорт одағының президиумы мен жеке мүшелері қатысады.
Одан кейін таңдалған неміс үміткері Халықаралық Олимпиада комитеті аясындағы іріктеуге қатысады. 2036 жылғы Олимпиада ойындарының өтетін орны туралы шешім үш жылдан кейін қабылданбақ.
Айта кетейік, Рим 2036 немесе 2040 жылғы Олимпиаданы өткізуге өтінім беретіні хабарланды.