Берлинде Арал маңының биотүрлілігін сақтау мен өңірдегі шөлейттену үдерісінің алдын алу мүмкіндіктері талқыланды
Форум Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов пен Германияның Экология, қоршаған ортаны қорғау және ядролық реакторлардың қауіпсіздігі федералдық министрі Норберт Рёттгеннің ұйытқы болуымен өтті, деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.
Форумдағы алғысөзінде Қазақстан Елшісі Н.Онжанов, Арал теңізінің тартылуының орасан зор ауқымы мен соның салдарынан туындаған экологиялық апат жайлы Еуропаның, оның ішінде Германияның көп біле бермейтінін атап көрсетті. Бірақ та, теңіз арнасының тарылуы мен экологиялық жағдайдың әрі қарай нашарлай түсуі тек жақын маңдағы аудандарға емес, бүкіл әлемге теріс салдарын тигізері анық, деді ол.
NABU президенті Олаф Тшимпке өз кезегінде, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалар мен экотуризмді дамыту шаралары туралы әңгімелей келе, «Кіші Аралды» сақтап қалу үшін Сырдарияның бойында бөгет салынып, артық суды сол жаққа бұруға негізделген алдын алу шараларының оң нәтижелеріне де тоқталып өтті.
Форум барысында өткен жарыссөзге қатысушылар, олардың қатарында герман сарапшылары мен экологтары, Бундестаг пен федералдық министрліктердің өкілдері, табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері бар, Арал маңының биотүрлілігін сақтау мен өңірдегі шөлейттену процесінің алдын алудың мүмкіндіктерін, халыққа көмек көрсету, су шаруашылығы инфрақұрылымдарын және судың сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен іс-шаралардың мүмкіндіктерін талқылады.
Форумның аясында Қазақстан Елшілігі «Арал: кеше, бүгін, ертең» деректі фильмінің көрсетілімін және фотокөрмені ұйымдастырды.
Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсаттардың бірі - Арал апаты туралы проблеманы көпшілікке кеңінен таныстыру, осынау өзекті мәселеге жұртшылықтың назарын аудару, оның салдарымен бірлесіп күресуге үндеу.