Берлинде «Болашақ» стипендиясының 20 жылдығына арналған Студенттік жастар форумы өтті

АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Германия мен құрлықтық Еуропадағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» (ХБО) АҚ Өкілдігі ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігінің қолдауымен үстіміздегі жылдың 2 маусымы күні Берлинде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған студенттік жастар форумын өткізді.
None
None

Жастар фестивалі нұсқасында ұйымдастырылған Форум шеңберінде әртүрлі іс-шаралар өтті. Германия жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақстандық студенттер өздерінің ой-өрістері мен білімдерін көрсетті, өнерлерін ұсынды, сондай-ақ шара шеңберінде өткізілген жастар спартакиадасында футбол, теннис, бадминтон, волейбол сияқты спорт түрлерінде шеберліктерімен көзге түсті. ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігінің қызметкерлері Форум қатысушыларына Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы туралы әңгімелеп, сондай-ақ консулдық және құқықтық қатынастар бойынша қызығушылық танытқан сұрақтарға жауап берді.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде «ХБО» АҚ Қазақстанның Елшіліктері мен шетелдік дипломатиялық миссияларының қолдауымен әлемнің түрлі елдерінде бағдарлама стипендиаттарының, қазақстандық студенттердің, шетелдік жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен бірқатар мәдени-бұқаралық және спорттық шараларды, сондай-ақ ғылыми - тағылымдамалық конференцияларды өткізуде.

1993 жылдан бері ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша ГФР-да барлығы 311 қазақстандық білім алды, ал бүгінгі күні мұнда Қазақ елінің 57 студенті білім алуда.

Жыл сайын аталмыш президенттік білім беру бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның 3 мың студенті әлемнің 20 еліне оқуға жіберіледі. Тиісті бағдарламалар аясында педагогикалық, инженерлік мамандықтарға арналған, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер үшін тағылымдамалар да көзделген.

Соңғы жаңалықтар