Берлинде «Бүгінгі Қазақстан: қоғам, этностар, мәдениеттер» атты форум өтті
«Қазақстанның Германиядағы жылының» аясында ұйымдастырылған осынау жиында ҚР Президенті баспасөз қызметінің Алматы бюросының жетекшісі Валерий Жандәулетов неміс аудиториясын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуымен таныстырды. Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің профессоры Ақтолқын Күлсариева университеттің жұмысы, Қазақстандағы мәдени және тіл саясатын дамытудың барысы және «Мәдени мұра» бағдарламасы туралы әңгімелеп берді.
Қазақстан жастарының діни наным-сенімі тақырыбы бойынша жақында жүргізілген зерттеудің нәтижесі туралы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әлия Массалимованың баяндамасы жиналған қауымның ерекше ықыласын аударды.
Форум барысында сондай-ақ белгілі қазақ жазушысы, көркемсөзші Герольд Бельгердің «Кезбенің үйі» кітабының неміс тіліндегі басылымы таныстырылды. Әдебиеттанушы және Қазақстанның досы Леонхард Кошут, «Кезбенің үйі» романында 1941 жылы Қазақстанға қоныс аударылған немістердің тағдыры шынайы бейнеленгенін атап көрсетті.