18:28, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Берлинде «ІТВ-2009» халықаралық туристік биржа өткізілмек
БЕРЛИН-БРЮССЕЛЬ. Наурыздың 6-ы. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Осы жылғы наурыздың 11-мен 15-сі аралығында Берлинде (ГФР) «ІТВ-2009» Халықаралық туристік биржа өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның Германиядағы Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдігіне сілтеме жасай отырып.Аталған шара дүние жүзіндегі ең ірі халықаралық туристік форум саналады. Көрме жыл сайын наурыз айында 140000 шаршыметр көлемді алып жатқан Messedamm Berlin көрме кешенінде өткізіледі. Өткен жылы биржа жұмысына ұлттық туристік әкімшіліктердің, туристік компаниялардың, қонақ үйлердің 11 000 экспонаты қойылды және оған әлемнің 184 елінен авиакомпаниялар қатысты.
Қазақстандық делегация ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан туристік қауымдастығы, Алматы, Павлодар облыстық және Астана, Алматы қалалық әкімдіктері, туристік компаниялар мен Мемлекеттік Ұлттық табиғи саябақтар өкілдерінен құралады деп жоспарлануда. Көрме ашылған алғашқы күні Германияның БАҚ өкілдері мен туристік операторлары үшін Қазақстанның туристік әлеуетінің таныстырылымы болады, мерекелік шараның соңы қазақстандық өнерпаздардың концертіне жалғасады.