14:18, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Берлинде өткен қазақстан-герман бизнес-форумында екі елдің іскер топтары бірқатар құжаттарға қол қойды
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Берлинде өткен қазақстан-герман бизнес-форумы барысында екі елдің іскер топтарының арасында бірқатар құжаттарға қол қойылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Йорг Хетч журналистерге берген сұхбатында, ГФР-дің Орталық Азия елдерімен арадағы барлық сауда айналымының 90 пайызға жуығы Қазақстанның үлесіне тиесілі екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, бұл форум «қазақстан және неміс бизнесінің арасындағы қарым-қатынастарды жаңартуға және тереңдетуге жақсы тұғыр болып отыр». Форум барысында Қазақстан мен Германияның сауда-өнеркәсіптік палаталары арасында Ынтымақтастық және бірлескен сауда-өнеркәсіптік палатасын құру, сондай-ақ Германияда Қазақстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдігін құру туралы келісімдерге қол қойылды. Қазақстандық "Central Logistics GmgH" компаниясы мен немістің "Thyssen Krupp-Bautechnik und CL" компаниясы арасында Каспий теңізіндегі мұнай және газ өндірісі үшін қызметтер көрсетуді және жабдықтар жеткізуді қарастырған ниет-меморандум жасалды. Сондай-ақ, пластмасса құрылыс материалдарын, терезе және басқа да заттар жасайтын зауыт құрылысы бойынша жобаны бірлесіп жүзеге асыруға ниетті «Каспий" Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен "Функе Группе» компаниясы форумда ниет-хаттамаға қол қойды. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі TASSTONE компаниясымен және "DR.Hein Gruppe" компаниялар тобымен тәулігіне 600 тонна шыны әйнектерін шығаратын зауыт құрылысы туралы меморандумға қол қойды. Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті мен "Tehnology Broker Bremen" консорциумы лазерлік технология саласында ынтымақтастық орнатқалы отыр. Ал "ТұранПрофи" академиясы мен "INWent" қоғамы арасында қабылданған іс-қимылдар жоспары аясында 2009-2010 жылдары Германияда білім алатын қазақстандық менеджерлердің саны 150-ге жеткізіліп отыр. Форумда тағы бірқатар келісімдер жасалып, ниет-хаттамаларға қол қойылды.