Бес елдің президенттері Астанада бас қосады

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат - Бес елдің президенттері елордада кездесу өткізеді. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
None
None

Кездесу 29 мамыр күні мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы аясында одан арғы ықпалдасу үдерістерін талқылау мақсатында өтеді. Алқалы жиынға Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері қатысады.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен 29 мамырда Астанада Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев пен Украина Президенті Виктор Янукович те болады», - деп атап өтті ресми өкіл.

Айта кетерлігі, Қырғызстан мен Украина президенттері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатыспайды.

«Дегенмен де өздеріңізге белгілі болып отырғандай, Қырғызстан Кеден одағына қосылу үшін ресми өтінім берді. Ал Украина Кеден одағына байқаушы мәртебесін алу үшін өтінім берген еді. Сондықтан да Кеден одағы елдері мүшелерімен бұл елдердің интеграциялық өзара іс-қимылдарының мәселелері 29 мамыр күні олар Астанада болған кезде талқыланады», - деді А.Әбибуллаев.

Соңғы жаңалықтар