Бетін бүркемелегендерге айыппұл салу, петиция мен электр самокатқа жаңа талап - Мәжіліс заң қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңы мен ілеспе құжаттар екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» бес біртекті заңның нормалары бір заңға біріктіріледі. Бұл ретте профилактика субъектілерінің тізбесі мен құзыреті, сондай-ақ белсенді азаматтарды көтермелеу жүйесі кеңейтіледі. Олардың қызметін үйлестіру құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия арқылы жүзеге асырылады және оның мәртебесі көтеріледі.

Депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, жұмыс тобы аясында депутаттар кәмелетке толмағандарды алты айдан екі жылға дейін ерекше режимдегі білім беру ұйымына жіберуді көздейтін мерзімдерді қайта қарады. Бұған дейін заң жобасында мұндай мерзімдерді бір жылдан үш жылға дейін ұлғайту ұсынылған еді. Ерекше режимдегі білім беру ұйымына жіберу жазалау түрі саналмайды және арнаулы педагогикалық тәсілді қажет ететін кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудің, оқытудың және әлеуметтік оңалтудың ерекше жағдайларын қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Осы орайда депутаттар аталған мерзімді ұзарту негізсіз деп танып, бұрынғы алты айдан екі жылға дейін аралықты қалдырды.

- Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне петицияға қойылатын талаптарды арттыратын түзетулер енгізілді. Қоғамды тұрақсыздандыруы мүмкін теріс пиғылды болдырмау мақсатында петиция нысанасы бола алмайтын мәселелердің тізбесі нақтыланады және кеңейтіледі. Бұл құқықтық кепілдіктерді күшейтеді және петиция платформасын деструктивті пайдалануды болдырмайды, - деді ол.

Осы тұрғыда жеке және заңды тұлғалардың абройы мен қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға қабілетті әрекеттерге, соғысты, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті насихаттауға, сондай-ақ нәсілдік, діни араздықты, экстремизмді, сепаратизмді және басқа да дұшпандық әрекеттерге, есірткі құралдарын таратудың және танымал етудің кез келген іс-қимылдарына тосқауыл қою ескерілген.

Сонымен қатар, заң аясында атқарушылық құжаттарды жеке сот орындаушылары арасында бөлу тетігі қайта қаралды. Жаңа алгоритм сот орындаушылары арасында барлық санаттағы атқарушылық құжаттарды, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар құжаттарды біркелкі автоматты түрде бөлуді қамтитын болады. Бұл ретте атқарушылық құжатты тікелей жеке сот орындаушысына ұсыну мүмкіндігіне жол берілмейді.

Электрсамокаттарын пайдалану тәртібі күшейтілді

- Бұдан бөлек, заң аясында жол жүрісіне қатысушыларды, азаматтарды, сондай-ақ балаларды жалға берілетін электр самокат жүргізушісінің заңсыз әрекеттерінен қорғау тұрғысында электр самокаттар азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру және тіркеу нөмірі қажет көлік құралдарының санына енгізіледі. Мұндай талаптар болмаған жағдайда, жол жүрісіне қатысуға рұқсат беру заңсыз болады, - деді М. Магеррамов.

Мәжілістіің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ақпаратынша, электр самокаттарды жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер:

1) электр самокатқа тіркеу нөмірін беріп және орналастыра отырып, есеп жүргізуге;

2) пайдаланушыларды сәйкестендіруді, оларды кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жарамды жүргізуші куәлігінің болуы және уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны іске асыру арқылы көлік құралдарын басқару құқығынан айыру туралы мәліметтердің болмауы тұрғысынан тексеруді қамтамасыз етуге;

3) Он сегіз жасқа толмаған және көлік құралдарын басқару құқығы жоқ немесе одан айырылған адамдардың электр самокаттарды жалға алуына және жолдың жүру бөлігінде басқаруына жол бермеуге;

4) пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін ықтимал айыппұлдар немесе салдар туралы пайдаланушыларды ескертуге;

5) жүру кезінде электр самокаттардың тұрған жерін және қозғалыс жылдамдығын бақылауға арналған технологиялардың көмегімен пайдаланушылардың мінез-құлқын бақылау;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген электр самокаттар үшін әртүрлі жылдамдық режимдері бар аймақтарда электр самокаттар қозғалысының рұқсат етілген ең жоғары жылдамдығын автоматты түрде шектеуге;

7) электр самокаттарды жаяу жүргіншілер мен көлік үшін кедергі келтіруі мүмкін жерлерде қалдыруға жол бермеуге;

8) әрбір электр самокатқа көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға;

9) қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті мемлекеттік органға электр самокаттардың орналасқан жері туралы деректерді беруге міндетті.

Бұдан басқа, балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органды ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуден босататын норма енгізілді.

Бет-жүзін бүркемелегендерге айыппұл салынады

- Қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретіндей бүркемелеуге қатысты заң талаптарын бұзу әрекетіне әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Атап айтқанда, құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбауға қатысты заң аясында қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіруге тыйым салу нормалары енгізілді. Алғаш рет заң талаптарын бұзғаны үшін ескерту жасалады, ал бұл жағдай қайталанса, 10 АЕК сомасында айыппұл салынады, - деді депутат.

Еске салсақ, биыл маусым айында Парламент қабылдаған заң аясында қоғамдық орында бет-жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынған еді. 

Сол кезде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бет-жүзін бүркемелегендерге неге жаза қолданылмайтынын түсіндірген еді. 

Соңғы жаңалықтар