Бейжің және Үрімшіде Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет күндері өткізіледі

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - 5-11 қараша аралығында Бейжің және Үрімшіде Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет күндері өткізіледі, деп хабарлайды madeniettv.kz сайтынан.

Бейжің және Үрімшіде Қазақстанның Қытайдағы Мәдениет күндері өткізіледі

Атап айтқанда, 5 қарашада Қытай Ұлттық мұражайында «Ұлы дала қазынасы» атты көрме және Бейжің қаласының Ұлттық орындаушылық өнер орталығында Қазақстанның өнер майталмандарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады. Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі мен «Аstana Ballet» хореографиялық ұжымы және жетекші әншілер мен күйшілер - Бекболат Тілеухан, Айгүл Қосанова, Еділ Құсайынов, Нүркен Әшіров, классикалық өнердің майталмандары Майра Мұхаммедқызы, Талғат Мұсабаев, Медет Чотабаев, Сүндет Байғожин, Айгүл Ниязова, Әмір Тебенихин, Салтанат Ахметова, Андрей Трегубенко, Әсем Сембина өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, Мәдениет күндері аясында «Аstana Ballet» хореографиялық ұжымының жеке 2 концерті өтеді: 7 қараша күні Бейжіңнің дипломатиялық қалашындағы «XXI ғасыр» Үлкен концерттік залында және 11 қараша күні Шанхай қаласының Данин концерттік залында. Сондай-ақ, Қазақстанның өнер шеберлерінің концерті Үрімшіде де ұйымдастырылады.