Бейжіңде қазақстан-қытай сараптау кеңесінің екінші отырысы өтеді
БЕЙЖІҢ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қоры делегациясының Қытайға сапарының аясында наурыздың 1-і мен 8-і аралығында Қазақстан-қытай сараптау кеңесінің екінші отырысы болады,
деп хабарлады Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметінен.
Сарапшылар кеңесінің отырысында екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері талқыланбақ. Оған қоса, жиынға қатысушылар өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша екі елдің үкіметтеріне ұсыныс-кеңестер әзірлейді.
Кеңес мәжілісінің күн тәртібіне трансшекаралық су ресурстарын бірлесе пайдаланудың перспективалары, Азиядағы энергетикалық қауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасын бағалау, әлемдік экономика жүйесінің өзгеруі тұрғысындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық, аймақтық және халықаралық ұйымдардың, бірлестіктер мен форумдардың (ШЫҰ, АӨІСШК, АСЕАН, т.б.) аясындағы Қазақстан мен Қытайдың өзара іс-қимылдарының әлеуеті, мәдени-гуманитарлық әріптестіктің перспективалары сияқты мәселелер қойылады.
Жиналысты ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты мен Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясы ұйымдастырып отыр.