Бейжіңде Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің жетінші отырысы өтті

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бейжіңде Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаевтың және Қытай Халық Республикасының Мәдениет вице-министрі Чжао Шаохуаның төрағалық етуімен Қазақстан- Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитеті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің жетінші отырысы өтті,

Бейжіңде Қазақстан-Қытай Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің жетінші отырысы өтті

деп хабарлайды Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында мәдениет, өнер, кино, бұқаралық ақпарат құралдары, баспа, білім, жастар саясаты және туризм саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Екі ел арасындағы мәдениет және өнер салаларын нығайту мақсатында тараптар жеке тұлғалар, ұжымдар мен мәдени ұйымдардың халықаралық мәдени шараларға қатысуға, тәжірибе мен ақпарат алмасуға, сондай-ақ көрмелерді, концерттерді ұйымдастыруға, киноиндустрия және мәдениет индустриясының басқа да саласындағы ынтымақтастықты қолдауға келісті.

Тараптар бұқаралық ақпарат құралдары мен баспа салаларындағы ынтымақтастықты жалғастырып, екі елде ұйымдастырылатын халықаралық кітап көрмелеріне баспа ұйымдарының қатысуына ықпал етіп, танымал әдеби туындылардың аударылуы мен басып шығарылуына жәрдем көрсететінін атап өтті. Білім, жастар саясаты, туризм салаларында да екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мақсатында бірнеше уағдаластықтарға қол жеткізілді. Мәжілістің қорытындысы бойынша осы отырыстың хаттамасына қол қойылды. Оған сәйкес, аталған комитеттің сегізінші отырысы 2012 жылы Қазақстан Республикасында өтеді.