«BG Group» Қарашығанақ кенішінде жаңа жобаларды жүзеге асырмақ - БҚО

Кездесуде Қарашығанақ кенішін одан әрі игеру, оның болашағы, өнімдерін әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті бағамен тасымалдау мәселелері талқыланды. Бұл ретте өңір басшысы аталмыш компаниямен алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс жасауға ниетті екендігін жеткізді.
«BG Group» компаниясының бас атқарушы директоры Хельге Лундтың сөзіне қарағанда, олардың осы жолғы сапары барысында Қарашығанақ кенішінде түрлі жобаларды жүзеге асыру жайы қарастырылған. Бұл орайда Қазақстан мұнайгаз саласындағы басты әріптестердің бірі болып табылады.
Айта кетейік, энергетика саласындағы алдыңғы қатардағы халықаралық «BG Group» компаниясы - сұйытылған табиғи газды барлау мен өндірудегі әлемдегі көшбасшы компаниялардың бірі. Оның филиалдары дүние жүзінің көптеген елдерінде бар. Соның ішінде компанияның «BG Қазақстан» бөлімшесі Қарашығанақты игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының өндіріс және қаржылық қызметіне, сондай-ақ бизнес саласына басшылық жасайды.