Бибігүл Төлегенова Түркияда гастрольдік сапармен жүр
деп хабарлады Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің баспасөз қызметінен.
Жақында әйгілі әнші өзінің 80 жасқа толғанын атап өтті. Сол себепті әншінің Түркияға жасаған әнсапары мерейтойды атап өту ретінде ұйымдастырылды. Ақпанның 22-сі мен 26-сы аралығында Ыстамбұл, Анкара, Ескішехир, Бурса және Афйон қалаларының үлкен концерттік залдарында К.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Б.Төлегенованың концерттері өтуде.
Қазақстандық шығармашылық топтың Түркиядағы концерттік турнесі Ыстамбұлдан басталды. Ыстамбұл университетінің концерттік залында қазақстандық әнші өзінің репертуарындағы бірнеше әндерді орындады. Оның орындаған әндерін ыстамбұлдық көрермендер үлкен ықыласпен қабыл алды.
Ал сәрсенбі күні Түркия Президентінің камералық симфония залында екінші концерт үлкен табыспен өтті. Концерттің соңында сөз сөйлеген Түркияның Мәдениет және туризм министрі Е.Гүнәй аты аңызға айналған Бибігүл Төлегенованың концертіне қатысуды үлкен мәртебе деп санайтынын мәлімдеді.
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Бағдат Әміреев өзінің сөзінде Б.Төлегенованың орындауындағы «Бұлбұл» әні жай ғана ән емес, ұлы әншінің орындауында соңғы 50 жылдағы қазақ музыкалық өнерінің бір үлгісі болатынын, ал Бибігүл Төлегенованың өмірі - бүкіл қазақ халқының ән өнері өмірбаянының көрінісі болып табылатынын атап өтті. Б.Әміреев қазақ әншісі мен оның жанындағы шығармашылық топқа көрсетілкен сый-құрмет пен жылы ілтипат үшін Түркияның Мәдениет және туризм министрі Е.Гүнәй мен Халықаралық ұйым ТҮРКСОЙ-дың Бас директоры Д.Қасейінге алғысын білдірді.