Биыл 14 жастан асқан қанша балаға жұмыс істеуге рұқсат берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығында балалар саны 1 млн 700 мың құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты.
Сонымен қатар Асқарбек Ертаев министрліктің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер бойынша бүгінгі күні ресми түрде 5 мың 300 оқушы жұмыспен қамтылғанын айтты.
— Жасөспірімдердің басым бөлігі — сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Бұл — олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар. Мамандықтар бойынша — көгалдандыру жұмысшылары, курьерлер, даяшылар, сатушы-консультанттар, аспаз көмекшілері, аниматорлар болып еңбек етеді, — деді ол.
Сондай-ақ Асқарбек Ертаев 14 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың ең көп саны оңтүстік аймақтарда — Түркістан (236,6 мың), Алматы (143,5 мың), Жамбыл (120 мың) облыстарында және Алматы (161,8 мың), Астана (107 мың), Шымкент (112 мың) қалаларында тіркелгенін атап өтті.
— Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу мегаполистерде байқалады. Ол республика бойынша жұмыс жасайтын балалардың 59%-ын құрайды. Себебі ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының дені мегополистерде орналасқан, — деп толықтырды спикер.
Бұған дейін 14 жастан бастап жұмыс істеу үшін нені білу керек екенін жазғанбыз.