Биыл Ақтөбеде 2 мыңнан астам әскерге шақырылушы іздеуде болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл 2 мыңнан астам әскерге шақырылушы комиссия тексеруіне өз еркімен бармады. Полиция басым бөлігін тапқанымен, әлі де 379 ақтөбелік іздеуде жүр.

Биыл Ақтөбеде 2 мыңнан астам әскерге шақырылушы іздеуде болды
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облысында наурыз-маусым айлары аралығында 1091 адамды әскер қатарына шақыру жоспарланды. Оның 1053-і шақырылды. Өңір қарулы күштер қатарына шақыру жоспарын орындай алмады. Оның бірнеше себебі айтылды.

— Біріншіден, 2025 жылмен салыстырғанда мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтар саны 60-қа артты. Екіншіден, әскери қызметтен жалтарып жүрген адамдар саны көп. Жыл басынан бері 2 120 әскерге шақырылуышы іздеуде болды. Оның ішінде 1749-ы әскери комиссияға жеткізілді, ал қалған 371-і хабарлама алса да шақыру бөлімдеріне келмеді. Үшіншіден, азаматтардың моральдық-іскерлік қасиеттері төмен. БАҚ пен әлеуметтік желілерде әскери қызмет туралы бұрмаланған түсінік қалыптасып, теріс ақпарат тарады. Төртіншіден, ер балалардың денсаулығы нашар. Медициналық комиссиялардың шешімін қабылдамай, қосымша тексеруге де жіберіліп жатады, — деді Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Біржан Баймұханов.

Әскери қызметтен жалтарып жүргендерді анықтап, табу полиция мен жергілікті атқарушы органға жүктелген.

— Ақтөбеде Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің «ҚР азаматтарының әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді орындамауы» бабы бойынша 51 адам, «Медициналық тексерілу немесе жиындардан жалтару» бабы бойынша 31 адам жауапқа тартылды. Кейбір аудандар әкімшілік шара қабылдамаған, — деді Біржан Баймұханов.

Ақтөбеде барлығы 14 әскерге шақыру және медициналық комиссиясы жұмыс істейді. Облыста барлығы 13 шақыру пункті болуы тиіс. Алайда Әйтеке би және Ырғыз аудандарында шақыру пункттері жоқ. Ал Байғанин, Темір, Ойыл мен Қобдадағы шақыру бөлімдерінің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Сонымен бірге Мұғалжар мен Қарғалыда ғимараттарды жалға алып отыр. Тағы бір проблема — медициналық комиссия құрамында көз дәрігері, хрург, психиатр мен дерматолог тапшы.

— Ер балалар арасында туа бітті ауру жиі кездеседі. Мәселен, майтабан. Бірақ жеңіл дәрежеде болса әскери қызметті өтеуге кедергі келтіре алмайды. Екі жылдық тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, әскериге баруды қалайтын жігіттер көбейді. Тағы бір айтатын жайт, қалаға қарағанда ауыл балалары шымыр келеді, әскериге барғысы келетін деп солар, — деді хирург Болат Әжмұратов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Павлодардан 700-ден астам жас әскер қатарына шақырылады