Биыл алты айда Ұлттық қор 4,7 млрд доллар инвестициялық табыспен толықты
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Ұлттық қордың активтері 2,6 пайызға ұлғайып, 60,3 млрд долларға жетті.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.
— Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан 7,4%-ке өсіп, 112,3 млрд доллар болды. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан 52 млрд долларға дейін, яғни 13,5%-ке ұлғайды, — деді Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ұлттық қордың активтері жыл басынан 2,6%-ке ұлғайып, 60,3 млрд долларға жетті.
— Жыл басынан бері ұлттық қорға түсетін түсім 1,8 трлн теңге, ал ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 3,1 трлн теңге болды. Ұлттық қордың 6 айдағы инвестициялық табысы 7,8% немесе 4,7 млрд доллар болғанын атап өту қажет, — дейді ол.
Айта кетейік, биыл алты айда елдегі инфляция 11,8 пайызды құрады.