Биыл әр балаға инвестициялық табыстың 50 пайызы 129 доллар аударылып жатыр — министрлік

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елдегі балалардың құқықтарын қорғау мен әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар талқыланып жатыр. Спикер Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы Оспанов өз баяндамасын мәлімдеді.

Ұлттық қор
Фото: Kazinform

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында Балалар құқықтары жөніндегі уәкілмен, Парламент депутаттарымен және қоғам өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бағдарламаның құрылымында келесі негізгі бағыттар қамтылады:

— сапалы білімге қол жеткізу,
— балалардың денсаулығын нығайту,
— отбасыларды әлеуметтік қорғау және қолдау,
— балалар қауіпсіздігі,
— спорт пен шығармашылыққа тарту,
— қоғамдық өмірге белсенді араластыру,
— отбасы рөлін күшейту,
— саналы ата-ана мен жауапты әке болуды қолдау.

«Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы әр балаға тең мүмкіндік беруді, олардың құқықтарын қорғау мен жан-жақты қолдау көрсетуді көздейтін тұрақты мемлекеттік саясаттың іргетасы болмақ.

Сондай-ақ Еділ Оспанов 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі қазақстандық балалардың жеке шоттарына автоматты түрде аударылып жатқанын атап өтті.

Мәселен, 2024 жылы әр балаға 100 АҚШ долларынан, ал 2025 жылғы есеп бойынша 129 доллардан келіп отыр. Сонымен қатар, алушылар саны да артып келеді 2024 жылы бұл бағдарлама аясында 304 815 бала, 2025 жылы 324 430 бала қамтылған.

Бұдан бөлек, вице-министр сапалы білім алуға мүмкіндік беретін қосымша тетік ретінде «Келешек» ерікті жинақ жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. Бұл жоба мемлекеттік білім грантына қосымша қаражат жинауға, жастардың лайықты мамандық меңгеруіне немесе тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ еліміздегі бастауыш сынып оқушыларын қолдау мақсатында 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру жүйесі кеңейтіліп отыр. Бұл шара 25 мыңнан астам баланы қамтыды.

Білім беру мекемелерінде мектеп асханаларына арналған жаңа стандарттар дайындалды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бекітілген бұл стандарттар 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептерінде енгізіледі. Рационды жаңартумен қатар, тамақтың сапасы мен қауіпсіздігін, асханалардың санитарлық жағдайын бақылау шаралары да күшейтіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк валюта бағамының құбылуы Ұлттық қордан балаларға берілетін ақша көлеміне әсер етпейтінін хабарлағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар