Биыл балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытудың жаңа тәсілдері қабылданады

АСТАНА. KAZINFORM – Балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытуға арналған концептуалдық тәсілдер жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.

Ермек Кошербаев
Фото: Али Галым

- Балалар мен жасөспірімдер қоғамдық қозғалысы 3,5 миллионнан астам баланы қамтиды. Оның ішінде 415,9 мың бала оқушылардың өзін-өзі басқару органдарына (мектеп парламенттері) тартылған. Бұл қозғалыс оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға ықпал етеді және 9 негізгі бағытты (интеллектуалдық, патриоттық, құқықтық, экологиялық, спорттық-сауықтыру, мәдениет және өнер, ғылымитехникалық, ақпараттық, еріктілік) қамтиды, - деді Ермек Көшербаев жауабында.

Вице-премьердің атап өтуінше, елімізде Балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамыту жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесі құрылды. Жыл сайын балалар қозғалысына қатысушылар қатары 100-150 мың оқушымен (2023 жыл – 2,8 млн, 2024 жыл - 2,9 млн, 2025 жыл – 3,0 млн) толықтырылады.

- Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытуға арналған концептуалдық тәсілдердің жобасын әзірлеуде. Ол осы жылдың соңына дейін бекітіледі, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, «Жас Ұлан» қозғалысы 1,5 млн баланы, шығармашыл жастардың экологиялық қозғалысы «Жер елшілері» - 23 мың оқушыны біріктіреді. Республикалық «Жас сарбаз», «Жас бүркіт», «Жас құтқарушы» қозғалыстарында 170 мыңнан астам, дебаттық қозғалыста 194 084 бала бар.

Бұған дейін балалардың құқығын қорғайтын бөлек басқарма құрылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар