Биыл да жағдай күрделі болып қала бермек — сарапшы аймақтағы су тапшылығы жайлы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Орталық Азия елдерін сумен қамтамасыз ету мәселесі биыл да күрделі болып қала береді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісіне сұхбат берген Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жобаларын іске асыру агенттігінің басшысы Вадим Соколов мәлім етті.

Вадим Соколов
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сөз басында сарапшы соңғы бірнеше жыл ішінде климаттық өзгерістердің әсері ерекше сезіле бастағанын атап өтті. Аймақтағы екі ірі өзен — Сырдария мен Әмудариядағы су көлемінің айтарлықтай азайып бара жатқаны байқалады.

— Халық саны өсіп, өнеркәсіп дамып жатыр. Сәйкесінше, қажеттілік артып барады. Мәселен, 2025 жылы аталған өзендерден келетін су деңгейі орташа мөлшерде деп бағаланған еді, бірақ былтыр ол күткен көлемнен сәл аз болды. Қазіргі уақытта өңір мемлекеттері қажетті мөлшерден 75-78% шамасында су алып жатыр. Сондықтан таяуда Душанбеде аймақ елдерінің су шаруашылығы министрлері кездесті. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 92-ші отырысында олар су тапшылығына байланысты елдерді мүмкіндігінше тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жоспарларын талқылады. Тиісті кестелерді келісті, — деді сарапшы.

Вадим Соколов атап өткендей, қазіргі таңда тараптар Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Шардара су қоймасын толтыру жұмысымен айналысып жатыр.

— Біз бүгінде су қоймасын толтыруға тырысып жатырмыз. Мысалы, 2025 жылы сәуірде онда 4 млрд текше метрден астам су жиналды. Алайда, қазан айында, яғни вегетациялық кезең аяқталған уақытта Шардарада небәрі 200 млн текше метр су қалды. Су шаруашылығы объектілеріне үнемі мониторинг жүргізіп отыратын МСШҮК Ғылыми зерттеу орталығының мәліметінше, биыл да су мөлшері аз. Сондықтан жауын-шашын түсіміне үміт артып отырмыз. Кейінгі бірнеше күнде Ташкентте жаңбыр жауды, бірақ ол қажеттіліктің басым бөлігін жабады деп айту қиын. Осыған байланысты үстіміздегі жылда да жағдай күрделі болып қала бермек, — деп пікір білдірді Вадим Соколов Kazinform тілшісіне сұхбат бере отырып.

Аймақтағы су тапшылығы бірінші кезекте табиғи құбылыстарға байланысты. Сарапшының бағалауынша, климаттың өзгеруі бұрынғыдан да ауқымды зардаптарға алып келуі мүмкін.

— Біз соңғы рет осындай жағдаймен 2000-2001 жылдары бетпе-бет келгенбіз. Ол кезеңде мемлекеттерге ірі көлемде залал келді. Әсіресе, ауыл шаруашылғы саласына ауыр соққы болды. Бүгінде өзбек тарапы 80-85% суды осы мақсаттарға бағыттайды. Бізде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да мәселе бар. Өзбекстанның көп аймағында жер асты суларының қоры аз. Сондықтан жер үсті суларын пайдаланады. Мәселен, Қарақалпақстан және Хорезм облысы ішер судың 80%-дан астамын жер үсті көздерінен алады, — дейді сарапшы.

Осыған байланысты Орталық Азия елдері бүгінде өздерінің су шаруашылығы саласындағы тұжырымдамалары мен кодекстеріне тиісті өзгеріс енгізіп жатыр.

— 2025 жылы Орталық Азиядағы 5 елдің төртеуі жаңа Су кодекстерін қабылдады. Былтыр 24 қазанда күшіне енген Өзбекстанның Су кодексінде біз ұлттық мүддеге сай басым бағыттарды айқындадық. Мәселен, 52-ші бап нақтыланып, онда бірінші кезекте су халық денсаулығы үшін бағытталуы тиіс екені көрсетілді. Бұрын алғашқы орында экология мәселесі болса, ол енді екінші басымдыққа айналды, — деп түйіндеді Вадим Соколов.

Еске салайық, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында биыл да су тапшылығы жалғасатынын айтты.

Сондай-ақ, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысында өткен кеңесте су тапшылығы экономиканың дамуын тежейтінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум