Биыл елде 11-сынып оқитын балалардың саны қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылы 1-сыныпқа қабылдау өтініштерінің 90 пайызға жуығы электронды форматта жүзеге асты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінен мәлім болды.
— Қазіргі уақытта еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте (оның ішінде 5 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан) 4,1 млн оқушы білім алып жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, биыл алғаш рет QazTech платформасында Бірыңғай «OQU» платформасы аясында «1-сыныпқа қабылдау» кезең-кезеңімен іске қосылды. 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғыда өтініштердің 88,7%-дан астамы электронды форматта қабылданды. Бұл ата-аналарға білім беру ұйымдарына жеке бармай-ақ, барлық қажет рәсімдерді онлайн режимде жүзеге асырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын аңғартады.
1-сыныпқа балаларды қабылдау бекітілген кестеге сәйкес 2026 жылғы 27 мамырдан 31 тамызға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Бұған дейін хабарланғандай, жақында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мектеп табалдырығын алғаш аттайтын оқушыларды қабылдауға қатысты түсінік берді.