Биыл электромобильдердің әлемдегі үлесі 30%-ға жетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) болжамынша, әлемдік электромобильдердің сатылымы 2026 жылы қайтадан өсіп, 23 млн данаға жетеді және бүкіл әлемде сатылатын барлық көліктердің шамамен 30%-ын құрайды, деп хабарлайды Kazinform.

Биыл электромобильдердің әлемдегі үлесі 30%-ға жетеді
Фото: azernews.az

ХЭА жаңа есебінде 2025 жылы электромобильдердің сатылымының тұрақты өсімі, шамамен 100 елде рекордтық көрсеткіш, сондай-ақ Таяу Шығыстағы соғыстан туындаған қазіргі энергетикалық дағдарыс жағдайында негізгі нарықтарда одан әрі өсу әлеуеті атап өтілген.

2025 жылы электромобильдердің әлемдік сатылымы 20%-ға өсіп, 20 млн данаға жетті, бұл бүкіл әлемде сатылған барлық жаңа автомобильдердің төрттен бір бөлігі электрлік болды дегенді білдіреді. Қытайлық автоөндірушілер әлемдік электромобильдер сатылымының 60%-ын қамтамасыз етті, ал еуропалық және солтүстік америкалық өндірушілер әлемдік сатылымның шамамен 15%-ын құрады.

— Өткен жылы электромобильдер сатылымы 100-ге жуық елде жаңа рекордтар орнатты. Электромобильдер танымалдығының артуы автомобиль нарықтарында және тұтастай алғанда энергетикалық жүйеде үлкен өзгерісті белгіледі және қазір ол тарихтағы ең ауыр мұнай дағдарысы аясында біраз жеңілдік беріп отыр, — деп мәлімдеді ХЭА атқарушы директоры Фатих Бироль.

Есепте Оңтүстік-Шығыс Азия электромобильдердің өсу динамикасы ерекше қарқынды аймақ ретінде көрсетілген. Өткен жылы аймақта электромобильдердің жылдық сатылымы екі еседен астамға өсіп, олардың нарықта шамамен 20% үлесін қамтамасыз етті. Соңғы болжамдарға сәйкес, баға динамикасы мен саясаты қолайлы болған жағдайда бұл үлес 2035 жылға қарай 60%-ға дейін өсуі мүмкін. Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір елдері, соның ішінде аймақтың ең ірі электромобильдер нарығы Вьетнам қазіргі энергетикалық дағдарысқа жауап ретінде салық жеңілдіктерін кеңейту немесе ұзарту жоспарларын жариялады. 

Әлемдегі импортталған электромобильдердің жартысынан көбі Қытайдан келеді
Қытай электромобильдер өндірісінің әлемдегі ең ірі орталығы болып қалып отыр, оның үлесі өткен жылы әлем бойынша өндірілген 22 млн электромобильдің шамамен төрттен үш бөлігін құрайды. Өндіріс ішкі сұраныстан асып түскендіктен Қытайдың электромобильдер экспорты екі есеге артып, рекордтық көрсеткіш — 2,5 млн-нан астам данаға жетті. Қытай, Еуропа және АҚШ сияқты үш ірі электромобиль нарығынан тыс әлемнің қалған бөлігінде сатылатын электромобильдердің 55%-ы Қытайдан импортталып отыр.

Есепте электромобильдер негізгі нарықтарда баға жағынан бәсекелестікке қабілетті болып жатқаны, бұл отын бағасының тұрақсыздығына алаңдайтын тұтынушылар сұранысын арттыруы мүмкін екені атап өтілген. Болжамға сәйкес, электромобильдердің әлемдік паркі (екі және үш дөңгелекті көліктерді қоспағанда) 2035 жылға қарай бүгінгі 80 млн-ға жуық электромобильден 510 млн-ға дейін өседі.

Осыған дейн еуропалықтар бензин бағасының өсуіне байланысты жаппай электрлі көліктерге ауысып жатқанын жаздық. 

Түркияда электромобиль саны 400 мыңға жуықтады. Қырғызстанда да электромобильдер саны күрт артқанын хабарладық.