Биыл елімізде 190 мың автокөлік шығарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлік өндірісі саласының қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді.
— Соңғы 5 жылда салаға 457 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Өткен жылы 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты. Бұл оң динамика биыл да сақталуда. Осы жылдың 6 айында 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Биылғы жоспар — өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару. Жалпы биыл автомобиль шығару саласы 131,1%-ға өсті, — деді ол.
Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында министрлік негізгі бағыттарды айқындады. Олар:
• Локализация деңгейін одан әрі арттыру. Ол үшін негізгі басымдық — жаңа автокомпоненттер өндірісін игеруге және отандық кәсіпорындарды әлемнің жетекші автокөлік компанияларының өндіріс тізбектеріне енгізу жоспарланып отыр.
• Халық үшін автокөліктің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру, оның ішінде борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау және жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту көзделген.
• Электр және гибридті көлік құралдары өндірісін дамыту, сондай-ақ оларды пайдалануға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл зарядтау станциялар желісін кеңейтуді, пилотсыз көлік технологияларын қолдану үшін қажетті жағдайлар жасауды қамтиды.
• Автокөліктерді импорттау кезінде заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз ету. Бұл отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең әрі ашық бәсекелестік жағдайларын қалыптастыруға, сондай-ақ заңсыз схемаларды болдырмауға мүмкіндік береді.
• Меншікті зертханалық базаны құру. Бұл автокөлік пен автокомпоненттердің техникалық талаптарға сәйкестігін ел ішінде растауға, жаңа өнімдерді нарыққа жедел шығаруға және отандық өндірістің дамуына ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде электрлі жүк көліктері шығарылатынын жазғанбыз.