Биыл Қазақстанда 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде 1,1 трлн теңгеден астам қаржыға 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы дайындық кезеңінен нақты құрылыс жұмыстарына көшіп жатыр. 2026 жылы 8 кәсіпорын инфрақұрылымның аса жоғары тозу аймағынан орташа тозу санатына шығарылады.
— Биыл жалпы көлемі 1 трлн 138 млрд теңгеге 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу көзделген. Оның ішінде 759 млрд теңге құрылыс жұмыстарына бағытталды. Қалған 379 млрд теңге бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, отандық өндірушілерден материалдар алынып жатыр, — деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Ұлттық жоба аясында отандық өндірісті қолдауға да ерекше мән беріліп отыр. 2029 жылға дейін шамамен 2 трлн теңгенің өніміне сұраныс қалыптасқан. Қазір E-Ondiris платформасында 492 отандық тауар өндіруші тіркелген.
Электр энергетикасы саласында 15 758 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Соның нәтижесінде екі жылда электр желілерінің орташа тозу деңгейі 67 пайыздан 62 пайызға дейін төмендейді. Апаттық жағдайлар саны 3,9 пайыз, электр энергиясының шығыны 0,6 пайыз қысқарады.
Сумен жабдықтау жүйелерін жаңартуға 154 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Бұл қаражатқа шамамен 1,5 мың шақырым желі жөнделеді. Нәтижесінде желілердің орташа тозуы 39 пайыздан 36 пайызға дейін азайып, су шығындары 1,2 пайыз қысқарады.
— Ең күрделі жағдай су бұру саласында сақталып отыр. Бұл бағытта 803 шақырым желіні жөндеуге 94 млрд теңге инвестиция салынады. Жоспар орындалған жағдайда кәріз желілерінің орташа тозу деңгейі 55 пайыздан 52 пайызға дейін төмендейді, — деді А. Дарбаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Еліміздегі бүкіл базалық инфрақұрылымның ауқымды құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.