Биыл Қызылордаға 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — 2022-2024 жылдары Қызылорда облысының экономикасына 1,6 трлн теңге инвестиция тартылған. Өңірдің инвестиция тарту шаралары жөнінде әкім Нұрлыбек Нәлібаев айтып берді.
Әкімнің айтуынша, қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. 2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған.
— Биыл облысымызға 631 млрд 400 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 11 айдың нәтижесінде 717 млрд 900 млн теңге инвестиция тартылып, жоспар 13,7% артығымен орындалды. Жыл қорытындысымен 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады, — деді Н. Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Спикердің айтуынша, 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233% артқан. Жеке инвестицияның үлесі 70% құраған.
— Биылғы бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестиция көлемі 173 млн доллар болды. Жыл қорытындысымен 280 млн доллар шетелдік инвестиция тартылады, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл Қызылорда облысының бюджеті 851 млрд теңгеден асты. Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізілген. Нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделген.