Биыл мектеп түлектеріне қандай шектеу қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл мектеп бітіру кештері белгіленген ортақ тәртіппен өтеді. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің талабына сәйкес, мектеп бітіру кештері мен аттестат табыстау рәсімдері тек мектепте ұйымдастырылуы тиіс. Осыған байланысты мейрамханаларда, кафелерде және өзге де ойын-сауық орындарында салтанатты шара өткізуге рұқсат берілмейді.
— Бұл талаптар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге құқық бұзушылық пен жазатайым жағдайлардың алдын алып, ата-аналарға түсетін артық шығынды азайту көзделген, — деді ол.
Сондай-ақ бітіру кештері кезінде дастарқан жаюға, көлік шеруін ұйымдастыруға, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға тыйым салынады. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алу үшін ата-аналардан ақша жинауға да жол берілмейді.
Білім басқармасы әлеуметтік теңдікті сақтау және оқушылар арасында артық бәсекелестікке жол бермеу үшін түлектерге мектеп үлгісіндегі киім киюді ұсынды.
Маржан Қайырбаева елордада мектеп бітіру шаралары кезінде оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінетінін айтты.
— Құқық бұзушылықтар мен жазатайым жағдайлардың алдын алу үшін Білім басқармасы Полиция департаментімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бітіру рәсімдері өтетін күндері тәулік бойы рейдтік шаралар ұйымдастырады, — деді ол.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігіне мектептерде смартфондарды пайдалануға толық тыйым салу құзыреті берілетінін жазған едік.