Биыл мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама қайта қаралады
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірлік кадр резервінің мүмкіндіктерін кеңінен қолданған жөн. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Сариев мәлім етті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің тиімділігіне ерекше мән беріп отыр. Себебі, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы рөлі айрықша. Бұл саланы жетілдіріп, жаңғырту — агенттіктің басты міндеті. Осы уақыт ішінде аталған бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, былтыр алғаш рет өңірлік кадр резервтері жасақталды, мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған арнайы тұжырымдама қабылданды, саяси қызметшілерге қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды, ротациялауға жататын әкімшілік лауазымдардың тізімі кеңейтілді. Агенттік — елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыратын уәкілетті мекеме. Сондықтан сіздердің алдарыңызда бірнеше маңызды міндеттер тұр. Біріншіден, биыл мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама түбегейлі қайта қаралатын болады. Бұл жұмыста атқарылып жатқан реформалар мен мемлекеттік басқарудың ерекшеліктерін ескеру маңызды, — деді Б. Сариев.

Оның айтуынша, агенттік Үкіметпен, ҚР Президентінің Іс басқармасымен бірлесіп, бюджеттік мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек.

— Бүгінде мемлекеттік органдарда кадрлық үдерістер бірыңғай кадрлық ақпараттық жүйесіне көшіп жатыр. Бұл мемлекеттік сектордағы таныс-тамыр мен туыстық байланыстарды жоюға бағытталған маңызды қадам. Сол себепті агенттік автоматтандырудың әрбір қадамын бақылап, Мемлекет басшысы тапсырған бұл істі сапалы орындауы қажет, — деді ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы.

Сонымен қатар ол ротацияланатын лауазымдардың санаты кеңейтіліп, агенттікке қызметшілердің жекелеген лауазымдарда болу мерзімін ұзартуды келісу өкілеттігі берілгенін еске салды. Осы ретте ротациялау кезінде қызметшілердің жұмыс тиімділігіне баса назар аудару керек.
— Мемлекет басшысының қолдауымен Президенттік жастар кадр резервін жасақтау ісі жалғасын тауып келеді. Өйткені, ол өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Бүгінде резерв мүшелері мемлекеттік қызмет пен ұлттық компаниялардың жауапты лауазымдарында қызмет етіп отыр. Осы жылға жоспарланған кезекті іріктеуді жоғары деңгейде өткізу қажет, — деді ол.
Бақытжан Сариевтің сөзіне қарағанда, өңірлік кадр резервінің мүмкіндіктерін кеңінен қолданған жөн. Қазіргі кезде резервке алынған 537 адамның 110-ы әртүрлі лауазымдарға тағайындалған. Осыған байланысты агенттіктің аумақтық департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, пәрменді шараларды қабылдауы қажет.

Еске салсақ, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталғанын жазған едік.
Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отаншыл кадрлар басшылық лауазымдарға тағайындалатынын айтты.