Биыл «Орталық Азия – Еуроодақ» саммиті Өзбекстанда өтеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің саммиті 2025 жылдың сәуірінде Самарқанда өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Биыл «Орталық Азия – Еуроодақ» саммиті Өзбекстанда өтеді
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Еуроодақтың Өзбекстандағы елшісі Тойво Клаармен кездескен көршілес ел президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева мәлім етті.

— Тойво Клаар мырза әйелдердің құқығын қорғау және оларға жаңа мүмкіндік ұсынуға бағытталған елдегі өзгерістерді жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол Өзбекстан өзінің бай тарихына құрметпен қарайтынын және ұлттық бірегейлікті нығайтуға аса көңіл бөлетінін атап өтті, — деп жазды Саида Мирзиёева өзінің Telegram арнасында.

Айта кетейік, былтыр қыркүйекте Шавкат Мирзиёев «Орталық Азия — Еуроодақ» форматындағы кезекті саммитті Өзбекстанда өтізуді ұсынған болатын.

Қоса кетсек, Еуроодақтың ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бағдарламасы Орталық Азиямен ынтымақтастықты жалғастырмақ.

Соңғы жаңалықтар