Биыл Орталық Азия мен Еуропа Одағының Экономикалық форумы Өзбекстанда өтеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Орталық Азия мен Еуропа Одағының экономика және инвестициялар жөніндегі форумы биыл қарашада Өзбекстанда өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жоспарланып отырған ауқымды іс-шара жайлы Еуропа Одағының Өзбекстандағы елшісі Тойво Клаар мәлім етті.
— Біз қараша айында Еуропа Одағы мен Орталық Азияның экономика және инвестициялар жөніндегі форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда өңірлердің кәсіпкерлік саладағы ынтымақтастығы талқыланады, — деді Еуропа Одағының Өзбекстандағы елшісі.
Бұған қоса Тойво Клаар биыл Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Бельгияға ресми сапармен баруы мүмкін екенін айтты. Оның аясында Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланған.
Орталық Азия мен Еуропа Одағының экономика және инвестициялар жөніндегі алғашқы форумы Қырғызстанда, екіншісі Қазақстанда өткен болатын.
Еске сала кетейік, биыл 4 сәуірде Өзбекстанның Самарқанд қаласында «Орталық Азия — Еуропа Одағы» форматындағы алғашқы саммит өтті. Оның барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастама көтерді.
Қоса кетейік, биыл 5 мамырда Самарқанд қаласында өтуі тиіс болған «Орталық Азия — Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» екінші саммиті кейінге қалдырылды.